Маңғыстаулық спортшылар Париждегі жазғы Олимпиадаға лицензия ала алмаған

АҚТАУ. KAZINFORM – Париж Олимпиадасына маңғыстаулық спортшылардың жолдама алмауының өз себебі бар. Ол туралы Маңғыстау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш мәлімдеді. 

Маңғыстаулық спортшылар Париждегі жазғы Олимпиадаға лицензия ала алмаған
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы

«Төрт жылда бір өтетін маңызды додаға лицензия ала алмауымыздың басты себебі – облыста дарынды балаларға арналған спорттық мектеп – интернат- колледжі, спортшыларды оңалту орталықтарының жоқтығы және аудан, қалаларда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жетіспеушілігі. Оған дәлел тағы бір көрсеткіш – лицензия алмаған облыстарда ғана спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп интернаты жоқ. Бұл көңіл аударарлық мәселе. Алдағы уақытта бұл мекемелерді ашу қолға алынса, маңғыстаулық спортшылардың олимпиадалық резерві артып, олардың арасында Олимп шыңын бағындыратын мықтылар шығады деп үміттенеміз», - деді Мақсат Мұқаш.

Аймақта олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі ашылған жағдайда грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, бокс,таеквондо сияқты олимпиадалық басым спорт түрлерін кіргізіп, спорт резервін дамыту жоспарда. Сонымен қатар, өңірге дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу бойынша үздік тәжірибені еңгізу қажет.

Қазір өңірде 31 мемлекеттік спорт мекемесі жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2 мыңға жуық бала мен жастар шұғылданады, бұл өңір оқушыларының 11%-ы. Сондай-ақ, 80 жеке кәсіпкер 24 спорт түрінен 9076 бала мен жасөспірімді спортпен қамтамасыз етіп отыр.

«Қазақстан Республикасы VI жазғы спартакиадасының қорытындысы бойынша облыстың құрама командасы 20 өңірдің ішінде жалпы командалық есепте 18-орынға ие болса, ХІХ Жазғы Азия ойындарында 19 орында тұрақтады. Ал Астана қаласында 8-14 қыркүйекте өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Маңғыстаулық спортшыларға небәрі 4 жолдама берілді», - дейді басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар