Маңғыстаулық велоспортшылар ел чемпионы атанды

АҚТАУ. KAZINFORM – Астана қаласында велотректен ерлер және әйелдер арасында өткен қысқы ел біріншілігінде Дмитрий Носков пен Сергей Пономарёв ҚР чемпиондары атанды.

велоспорт
Фото: Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы

Маңғыстау облыстық спорт басқармасы 6-11 ақпан аралығында Астана қаласында велотректен ерлер және әйелдер арасында қысқы ел чемпионатында маңғыстаулықтар 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде иеленгенін мәлімдеді. Біріншілікке еліміздің 16 облыстан 225 спортшы бақ сынады.

велоспорт
Фото: Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы

Олардың қатарында командалық уақытқа жарысқа шыққан Дмитрий Носков 1-орын, Сергей Пономарёв кейрин бағдарламасы бойынша 1-орын, Рамазан Мұхтар гит 1000 метр бағдарламасы бойынша 2-орын иеленді. Қола жүлдеге кейрин бағдарламасында бақ сынаған Виктор Голов пен спринт бағдарламасында Рамазан Мұхтар қол жеткізді.

Сондай-ақ, маңғыстаулық спортшылар Виктор Голов, Рамазан Мұхтар, Сергей Пономарёв командалық спринт бағдарламасында өнер көрсетіп күміс медаль иегері атанды.

велоспорт
Фото: Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы

«2024 жылдың бірінші жарысын ойдағыдай бастадық. Кейрин жарысын ұту біз үшін маңызды болды, себебі бұл - Парижде өтетін 2024 Олимпиада ойындарына іріктеу кезендерінің бірі. Рамазан Мұхтар, Дмитрий Носков, Сергей Пономарёв 21-26 ақпанда Үндістан мемлекетінде өтетін Азия Чемпионатына жолдама ұтып алып, Ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Олимпиадалық лицензия ұтып алуға көмектесетін біз үшін маңызды ұпайлар осы Азия Чемпионатында сарапқа салынады» - деді велоспорттан облыстың аға жаттықтырушысы Жанұя Сейітова.

Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша маңғыстаулық велошабандоздар ерлер арасында өңір құрамасы командалық 2-орынға тұрақтады. 15-16 жас аралығында ұлдар және жасөспірім қыздар ел біріншілігі мен велоспорттан республикалық жарыста бақ сынап, маңғыстаулық Әділхан Шамыран скретч бағдарламасында күміс жүлдегер атанды.

велоспорт
Фото: Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы