«Маңғышлақ-Астана» бағытындағы №37/38 жолаушылар пойызы фирмалық мәртебеге ие болады

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздардағы қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды әрі қарай жалғастыруда. Мәселен, үстіміздегі жылдың 21 тамызында «Маңғышлақ-Астана» бағытындағы №37/38 жолаушылар пойызы фирмалық мәртебеге ие болмақ, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

«Маңғышлақ-Астана» бағытындағы №37/38 жолаушылар пойызы фирмалық мәртебеге ие болады

Вагондар жаңа төсек-орын жабдықтары, столдарға арналған жаймалар, кілемшелер, киімге арналған ілгіштер, қосымша гигиеналық құралдар сынды жоғары сапалы керек-жарақтармен қамтамасыз етіледі.

Фирмалық пойыздың қызметтер тізіміне, қазіргі қолданыстағыдан бөлек, төмендегідей қызмет түрлері кірген, олар: жолаушыларды пойызға электрондық билет (жолаушыларды отырғызуға автоматтандырылған бақылау) арқылы отырғызу, бейнемониторлар арқылы бағдарламаларды (купелік және СВ вагондарда) тарату, жолаушыларға гигиеналық топтамаларды, ойындарды, жаңа газет-журналдарды ұсыну, мұздатқышта тез бүлінетін азық-түлік өнімдерін сақтау, тамақты жылыту пештерінде жібіту.

Пойыз Крюков вагон құрылысы зауытында (Украина) шығарылған вагондардан құралған. Олардың барлығы жолаушылар вагондарының барлық талаптары мен стандарттарына сәйкес келеді. Жылжымалы құрам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды пойызға отырғызу және түсіруге арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған. Осы санатты адамдарға арналған купеде мүгедектер арбасына арналған арнайы орын, жылжуға ыңғайлы ұстайтын орындар мен ақпараттық табло бар. Барлық вагондар уақытты, вагон ішіндегі ауа температурасынан хабар беретін жарықты-диодты ақпараттық тақталармен жабдықталған.

Вагондардың ең үлкен құрылымдық жылдамдығы сағатына 160 шақырымды құрайды. Вагондар вакуумды дәретханалармен, жылыту жүйелерімен және ауа тазарту жүйесімен қамтамасыз етілген. Олар қыста 20-22°С-тан төмен емес температураны, ал жазда 24-26°С-тан жоғары емес температураны ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Алдағы жоспарда «Алматы-Шымкент» бағытындағы №11/12 жолаушылар пойызына да фирмалық мәртебесін беру бар.