Маңғыстау әкімі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге сөз берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2025 жылы әрбір маңғыстаулық 30 шаршыметр баспанамен қамтамасыз етілетін болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылы 833 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға жоғары. Жеті мың отбасы баспаналы болды. 2018 жылы 916 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда бүгінгі күні бір маңғыстаулықтың баспанамен қамтылу көрсеткіші 23 шаршы метрді құрайды»,- деді ол.
Осы ретте облыс басшысы Қазақстан Президенті әр тұрғынды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасын қойғанын еске салды.
«Егер біз жыл сайын 10 пайыздық өсіммен баспана салып отырсақ, 2025 жылы 1 791 мың шаршы метрге дейін жетеміз. Бұл санға жетсек, әр азаматты 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз оған сенімдіміз. Оны жүзеге асыратындығымызға сіздердің алдарыңызда сөз беруге дайынмын», - деді Е.Тоғжанов.
Айта кетейік, Маңғыстау облыстық әкімдігі баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, өңірде тұрғын үй кезегінде 18 мың адам, жер кезегінде 166 мың адам тұр.