17:51, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Маңғыстау-Ақтөбе пойызының вагондары санын көбейту қажет -Мәжіліс депутаты З.Алшымбаев
АСТАНА. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - 2007 жылдан бастап Қазақстан Үкіметінің қолдауымен Көлік және коммуникация министрлігі елордамыз Астана мен Маңғыстаудың арасында қатынайтын жолаушылар пойызын ашқаны белгілі. Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдап, Астана мен Ақтаудың арасына қатынайтын
теміржол көлігінің мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі таңда осы дұрыс қабылданған шешімнің арқасында еліміздің солтүстігінен батыс өңірлеріне жолаушылардың тасымалға деген сұранысы қанағаттандырылып отыр. Республиканың басқа өңірлеріне маңғыстаулықтар тек Ақтөбе қаласы арқылы ғана шыға алады. Ал Ақтөбе мен Маңғыстау арасындағы теміржол қатынасын қамтамасыз етіп отырған пойыз құрамының вагондары аздық етіп, жолаушылар сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр»,- деді депутат. Маңғыстау облысы экономикалық тұрғыдан қарағанда өте тез қарқынмен дамып келе жатқан өңір. Соған сәйкес экономиканың қай саласына болса да сұраныс арта түсуде. Жыл сайын республика өңірлерінен келушілерді, яғни, ішкі көші-қонды айтпағанда, Маңғыстауға шет елдерден мыңдаған оралман қандастарымыз да көшіп келуде. Маңғыстау облысындағы өндірістің дамуы, көші-қонның артып, келушілердің көбеюі осы өңірдің республиканың басқа өңірлерімен қарым-қатынасын дамытуды қажет ететіні сөзсіз. Депутаттың айтуынша, қазір Маңғыстаудан Ақтөбеге теміржолмен жолаушылар тасымалын жүзеге асырып отырған пойыз құрамы тоғыз вагоннан тұрады. Бұл пойыз вагон тапшылығына байланысты, жолаушылар сұранысын толық қанағаттандырмайды. Әсіресе, жаз мезгілдерінде жолға шыға алмай қалған жолаушылар көбейіп, наразылық тудыруда. Бұл мәселе жұртшылықтың арыз-шағымдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтеріліп жүр. «Маңғыстау ? Ақтөбе бағытындағы тасымалға деген сұраныс жылдан жылға өсе түсуде. Жолаушылар қатынасын қанағаттандыру үшін қазіргі таңда Маңғыстау ? Ақтөбе жолаушылар пойызына кемінде қосымша тағы үш вагон қосылуы қажет. Жоғарыда айтылған жағдайлар ескеріле отырып, Маңғыстау ? Ақтөбе пойызының вагондарының санын көбейту мүмкіншілігін қарастыру керек»,- деді депутат З.Алшымбаев.