Маңғыстау әлемнің 101 елімен сауда-саттық жасасады
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы 2015 жылдың 12 айында «Ішкі тұтыну үшін шығару» және «Тауарлар экспорты» кедендік рәсімдерінде ресімделген сыртқы сауда айналымы (Еуразиялық экономикалық қауымдастық ішіндегі сауданы есепке алмағанда) 10,4 млрд ш.б. құрады.
2014 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 54,8 пайызға төмендеді, оның ішінде экспорт 9,2 млрд ш.б. (58 пайызға төмендеді) және импорт 1,1 млрд ш.б. (13,3 пайызға өсім) құрады. Жалпы тауар айналымында импорт үлесі 11,3 пайыз, экспорт - 88,7 пайыз болды.
«Тауар айналымының елеулі төмендеуі Тәжікстан және Украина Республикасымен 88,9 және тиісінше 80 пайызды құрайды. Түркіменстанмен тауар айналымы 16,6 пайызға, Өзбекстанмен 2,9 пайызға төмендеді. Және керісінше: тауар айналым өсімі Молдовамен (11,9 пайызға) және Әзербайжанмен (5,8 пайызға) тіркелді», - деп атап өтті Маңғыстау облысы мемлекеттік кіріс департаменті ұйымдастыру-қаржылық басқармасының басшысы Мақсат Ақмұратов.
ТМД елдерімен тауар айналымының негізгі үлесі Украина - 43,1%; Әзербайжан - 33,7%; Түркіменстан - 13,5; ТМД қалған елдерінің жалпы үлесі 9,7%-ды құрайды.
Өткен жылы Маңғыстау облысының кәсіпорны әлемнің 101 елдеріндегі әріптестерімен сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асырды.