Маңғыстау аңыздары бірнеше тілде кітап болып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Маңғыстау аңыздары» атты кітап жарық көрді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Маңғыстау аңыздары бірнеше тілде кітап болып шықты

Оның айтуынша, кітап қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілінде 1000 данамен жарық көрген. Онда киелі Маңғыстау өңіріне қатысы бар 100 аңыз топтастырылған.

«Аталған еңбектің бірнеше тілде жарық көруінің басты мақсаты - Елбасымыздың үш тілділік саясатын қолдау және Маңғыстаудың көне әрі бай тарихы мен мәдениетін, қасиетті жерлері мен өзіне тән ерекше табиғатын суреттеп, әлемдік дәрежеде насихаттау», - деді облыс әкімі.

Жалпы Ералы Тоғжановтың айтуынша, Маңғыстау  өңірінде рухани жаңғыру аясында 120-дан астам шара өткізілді. Оған жергілікті қалталы азаматтар 11 млрд теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті.

«Мектептерді, ауруханаларды қажетті құрал-жабдықтармен, көлікпен қамтамасыз етуге мецанаттар жұмсаған қаржының көлемі 673 миллион теңгеге жетіп отыр. Қазақстандағы жер көлемі ең үлкен Қарақия  ауданында 500 орындық 2 жатақхана мецанаттар көмегімен салынды. Жұмсалған қаржы 2 млрд 112 млн теңгені құрайды», - деді ол.