Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы апат себебі жарияланды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – 3 шілдеде Маңғыстау атом энергетика комбинатының (МАЭК) электр станциясында болған апатты тоқтаудың себебі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «KEGOC» АҚ-ға сілтеме жасап.

Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы апат себебі жарияланды
Фото: maek.kz

«3 шілде күні МАЭК ЖЭС ірі блогының ажыратылуына өндіруші жабдықтың тозуы себеп болған. Компания атап өткендей, «KEGOC» АҚ-ның релелік қорғау және апатқа қарсы автоматикасы штаттық режимде іске қосылды. Бұл Атырау және Маңғыстау энергия тораптарының толық өшуіне жол бермеді.

«KEGOC» АҚ қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылы қысқа мерзімде жұмыс схемасын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бір сағаттан аз уақыт ішінде Атырау энергия торабы, сәл кейінірек Маңғыстау торабы Қазақстанның Бірыңғай энергетика жүйесінің Батыс аймағымен синхрондалды.

Апаттық жағдайды талдау көрсеткендей, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту және реконструкциялау қажет, Атырау мұнай өңдеу зауытын сыртқы электрмен жабдықтауды күшейту және жаңа заманауи энергия көздерін салу керек», - деп толықтырды компания.

Мәлім етілгендей, «Самұрық-Қазына» АҚ KEGOC компаниясының ұзындығы 770 шақырым болатын 220 кВ әуе желісін салу, қолданыстағы 220 кВ қосалқы станцияларды кеңейту және 220 кВ тарату қосалқы станциясын салу арқылы Батыс энергетикалық аймақтың электр желісін күшейту жобасын аяқтауды бақылауда ұстап отыр. Жоба биылғы желтоқсан айында толық аяқталмақ. Нәтижесінде транзиттің өткізу қабілеті «Орал-Атырау» учаскесінде – екі есеге, «Атырау-Маңғыстау» учаскесінде – төрт есеге ұлғаяды, бұл батыс аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін айтарлықтай күшейтеді.

Осыған дейін Маңғыстау атом энергетика комбинатының №1 энергия блогы апатты жағдайда ажыратылғаны хабарланған еді.