Маңғыстау: Қарақия ауданында көпбалалы 30 отбасыға пәтер беріледі
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қарақия ауданында көпбалалы, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 30 отбасыға бюджет қаражаты есебінен 30 пәтер сатып алынады, деп хабарлайды ҚазАқпара тілшісі.
Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков мәлім етті.
Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға баспана беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңадан салынған Жетібай ауылындағы 72 пәтерлі, 3 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта инженерлік-инфрақұрылымдық желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқтала салысымен, тұрғын үй кезегіндегі мұқтаж азаматтарға береміз. Оның ішінде 30%-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ал қалған 70%-ы әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен көп балалы аналарға үлестіріледі», - деді Қыдырберді Беков.