Маңғыстау облыстық денсаулық басқармасының экс-басшысы 7 жылға сотталды
Оның қол астындағы адамдардан жұмыстан шығарумен қорқытып, ақша талап етіп келгені анықталды. Сот төрт фактіні дәлелдеді, деп хабарлайды «Лада» порталы Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс материалына сәйкес, Марал Қадыр бірінші жағдайда өзінің қоластындағы қызметкерден 30 мың теңге көлемінде пара талап еткен, екінші рет И. есімді азаматшадан немересін емдетуге қолғабыс ету үшін 15 мың теңге алған. Үшінші рет М.Қадыр №1 Ақтау қалалық емханасының бас дәрігерінен жүз мың теңге көлемінде ақша талап етіп, аталған соманы төлеуден бас тартқан жағдайда, жұмыстан босатамын деп бопсалаған. Төртінші факті Туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігерімен байланысты. Бірінші басшы сондай-ақ оны жұмыстан шығарумен қорқытып , екі жүз доллар талап еткен, - деді Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы екі азаматтан пара алу барысында ұсталды.
Судья істің материалдарын қарап, Марал Қадырды мүлкін тәркілей отырып, жазасын жалпы режімдегі колонияда өтеумен жеті жылға бас бостандығынан айырды. Үкім сотталушының кәмелеттік жасқа толмаған қызы бары ескеріле отырып шығарылды.