Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға сотталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары ірі көлемде пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға сотталды

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары С.Аманғалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын аяқтады. Аманғалиев құрылыс компаниясының өкілінен «Ақтау қаласында мұз сарайын салу» жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кедергісіз іске асырғаны үшін 115 мың еуро көлемінде пара алған. Ол 27 тамыз күні Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген агенттіктің мәліметінде.

Экс-шенеунік өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.