Маңғыстау облысы үшін табысты еңбек пен толағай жетістіктерге толы жыл болды - А.Айдарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев өңір жұртшылығын Жаңа жылмен құттықтай отырып, аймақ тұрғындары үшін өткен жыл еселі еңбек пен толағай жетістіктерге толы жыл болғанын атап өтті.
None
None

«Құрметті маңғыстаулықтар!

Сіздерді Жаңа 2016 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Өткен 365 күн еліміз үшін бірлік пен береке салтанат құрған, тұрақтылық пен татулық қанат жайған жыл болды. Қасиетті де, киелі топырағымызда тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы еліміздің қалыптасу жылнамасындағы тарихи маңызды оқиғалар. Бұның барлығы мемлекетіміздің әлемдік саяси қауымдастықтағы мызғымас орнын бекітіп, әрқайсымыздың жүрегімізге ерекше мақтаныш сезімін ұялатады.

2015 жылы өткен Президент сайлауында Қазақстан халқының 98%-ы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс беріп, бірауыздан қолдады. Бұл - халықтың Елбасыға деген жоғарғы сенімін тағы бір мәрте көрсетті.

Бүгінде Қазақстан әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, болашаққа нық қадаммен аяқ басып келеді. Біз, тиімді экономика мен демократиялық қағидаларды басшылыққа ала отырып, бәсекеге қабілетті қоғам құрудамыз! Бұл барша қазақстандықтардың, соның ішінде маңғыстаулықтардың да қажырлы еңбегінің жемісі!

Бұл жыл - Маңғыстау облысы үшін де табысты еңбек пен толағай жетістіктерге толы жыл болды. Аймағымызда жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Өңір алдындағы тапсырмалар толықтай орындалып, жыл басында көздеген уәделеріміз бен мақсаттарымызды жүзеге асырдық. Мұның барлығы ортақ істің оң нәтижесі.

Біз келер жылдың жарқын келешекке бастайтынына үлкен сеніммен қараймыз. Өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі - Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауы. Осы ұлы істі абыроймен орындауғаөңіріміздің әрбір азаматы белсене кірісіп, ортақ мүддеге қызмет етсе - болашағымыз баянды болмақ.

Қадірлі жерлестер!

Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз. Ендеше, келер жыл еліміз бен халқымыз үшін молшылық, береке, татулық және толағай табыстар жылы болғай!

Жаңа жылда дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбекте жаңа жетістіктер тілеймін!

Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, ардақты ағайын!», - делінген әкімнің құттықтауында.

Соңғы жаңалықтар