Маңғыстау облысына сұйытылған газ мәселесіне байланысты арнайы комиссия жіберіледі - Қ. Бозымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 сәуір күні Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев келді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысына сұйытылған газ мәселесіне байланысты арнайы комиссия жіберіледі - Қ. Бозымбаев

Министр аймақ нарығындағы сұйытылған газдың жағдайымен жеке танысу мақсатында барды. Сапар барысында Қ.Бозымбаев «Өзен» кен орнында болып, сондай-ақ, ҚазақГазӨндеу зауытының қызметімен танысты.

Бүгінде зауытта 1 мыңға жуық адам қызмет етеді. Зауыт 1973 жылдан бері тоқтамастан жұмыс жасап келеді. Зауыттың қуаттылығы - 1,5 млрд текше метр газ. Қазіргі уақытта зауыт 50% қуатпен жұмыс істеп тұр.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда Маңғыстау облысында сұйытылған газға тапшылық байқалып отыр. Өткен жылдың наурыз айынан бастап, барлық газ өндеу зауыттарына бірыңғай көтерме баға- литріне 6 теңгеге белгіленді. Сәйкесінше, газдың бір тоннасы 11 034 теңгеге сатылады. Бір тонна газдың өзіндік құны 29 мың теңге. Биылғы жылдың 1 тоқсанында зауыттың шығыны 2,6 млрд теңгеге жетті. Сонымен бірге сұйытылған газдың күннен-күнге өндіру көлемі өсіп отыр. Өткен жыл ҚазГӨЗ 162 мың тонна газ өндірді. ҚазГӨЗ мамандарының айтуынша, өндіріс шығынын болдырмаудың бірден-бір жолы - газдың көтерме бағасын өсіру. Бірақ, бұл мәселе министрлік деңгейінде шешілуі қажет.
Белгіленген баға ҚазГӨЗ шығынын жаппайды. Сонымен бірге, газдың
Ақтаудағы бағасы 25-27 теңге.

«Бұл үлкен айырмашылық. Келесі аптада Маңғыстау облысына құрамында ҚР Энергетика министрлігі мен Табиғи монополияны реттеу агенттігінің сарапшылары бар арнайы комиссия жіберемін. Сонан соң ҚР Ұлттық экономика министрімен талқылап, ортақ шешімге келуіміз қажет. Газдың не көтерме, не бөлшек сауда бағасын көтеруіміз қажет. Зауытты шығынға ұшыратпай, газдың бөлшек сауда бағасын да қатты көтермеуіміз қажет. Келесі аптада комиссия жан-жақты қарап, дұрыс шешім қабылдайды. Бір айтарым- өндіріске зиян келмеу керек. ҚазГӨЗ қойып отырған мәселелерді мұқият қарап, алдымыздағы аптада екі мәселені шешеміз», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Сондай-ақ, энергетика министрлігі зауыттың табысты болуына көмектесуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, энергетика министрі Жаңөзен қаласының жанар-жағар май бекеттерінде болып, Жетібай кен орнының және «Каспий битум» ЖШС қызметтерімен танысты.