Маңғыстау облысында 123 мобильді топ жұмыс істейді
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында 123 мобильді бригада жұмыс істейді. Оның 76-сы Ақтау қаласында, 47-сі аудандарға тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева мәлім етті.
Оның айтуынша, тұрғындар өзін жайсыз сезінген жағдайда тіркелген емханаға қоңырау шалып, мобильді бригаданы шақырта алады. Арнайы топ қауіпті вирустың және пневмония белгілері бар тұрғындар мен созылмалы ауруларға шалдыққан науқастарға үйден қызмет көрсетеді. Сондай-ақ жүкті әйелдер мен балаларға патронаж жүргізеді.
«Маңғыстау облысы бойынша 412 инфекциялық төсек-орын бар. Қосымша реанимациялық 54 төсек-орын жасақталды. Ал резервте 2 452 төсек- орын дайын тұр», - деді Ләззат Есенғалиева.