Маңғыстау облысында 24 мемқызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментімен Әдеп жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізілді. 

Маңғыстау облысында 24 мемқызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Оларда қаралған 60 мәселенің 40-ы  - мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер.

Бұл туралы брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлеген Мендалиев хабарлады.

Спикердің айтуынша, 24 мемлекеттік қызметшіге қатысты ұсыныстар енгізілді. Оларды қарау нәтижесінде 8 мемқызметші мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін алып отырған лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке, қалған 16-сы этикалық талаптарды бұзғандығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«24 мемлекеттік қызметшінің 2-і - мемлекеттік органдардың басшылары, 1 - қала әкімінің орынбасары, 1 - мемлекеттік орган басшысының орынбасары, 1 - аудан әкімі аппаратының басшысы, 3 - ауыл әкімдері, 12 - бөлім басшысы және 4 - бас маман»-деп атап өтті Е.Мендалиев.

2016 жылы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты 6 сыни материал жарияланып,оларға қатысты тиісті шешім қабылданды.

«Лада.кз» сайтында жарияланған сыни материал негізінде Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығымен өткізілген тексеріс нәтижесінде Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының басшысы Л.Жонасов қызметінен босатылды. Анықталғандай, Жонасов автокөлікті масаң күйде жүргізген.