Маңғыстау облысында 3 мыңнан астам мүгедектігі бар тұрғынның құқығы бұзылған
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында 3 мыңнан астам мүгедектігі бар тұрғынның мемлекет кепілдік берген тегін қызметтерді алу бойынша құқығы бұзылған. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облысының прокуратурасы мүгедектігі бар жандарға мемлекет кепілдік берген тегін қызметтерді алу кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді. Талдау барысында 3 258 адамды оңалтудың жеке бағдарламасымен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қолданбау фактілері анықталды. Оның 525-і – бірінші, 849-ы – екінші, 1 322-сінің үшінші топтағы мүгедектігі бар. Сондай-ақ, 562-сі – бала.
Енгізілген прокурорлық қадағалау актісімен кемшіліктер жойылып, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетсек, мүгедектігі бар жандардың арнаулы оңалту орталығына баруға, санаторий-курорттық ем алуға, сондай-ақ жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтеріне және басқа да мемлекет кепілдік берген тегін қызметтерге құқы бар.