Маңғыстау облысында 56 мыңнан астам балаға қызамыққа қарсы егу науқаны жүріп жатыр
АҚТАУ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембайқызы/ - Маңғыстау облысында 8-14 жас аралығындағы балаларды қызамық ауруына қарсы егу науқаны өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Республика бойынша өтіп жатқан бұл шара қарсаңында облыстық аурухананың мәжіліс залында медицина қызметкерлерінің дайындығын жетілдіру мақсатында семинар болды.
Оған қатысқан аудан- қалалардың эпидемиологтары, педиатрлары, невропатолог дәрігерлері негізінен егу бригадаларын дайындау, егілуге тиісті балаларды қамту жөніндегі шаралармен танысты.
«8-14 жас аралығындағы балалардың барлығы мектеп оқушылары болғандықтан, шара мектептердің егу кабинеттерінде жүргізіледі.Қазір егу шаралары үшін барлық қажетті заттар жеткілікті. Облыста осынау маңызды шараны ойдағыдай жүргізу үшін 121 егу бригадасы құрылып, іске кірісуде», деді мемлекеттік санитарлық -эпидемиологиялық қадағалау департаментінің Маңғыстау облысы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы Марал Қадыр.
Қызамық -вирустан болатын жұқпалы ауру. Одан тек вакцинация арқылы ғана қорғануға болады.
Әлемде қызамыққа қарсы егу 1969 жылдан басталған, ал Қазақстанда 2005 жылдан бастап жүргізіліп келеді.
«Қызамыққа қарсы егу айлығы шарасы онымен сырқаттану деңгейін 5 есе төмендетуге мүмкіндік береді. Биылғы иммундау науқанында облыс бойынша 56 мыңнан астам бала қамтылады», дейді МО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Көшекбаев.