Маңғыстау облысында 756 адам мен 107 техника жолдарды қардан тазарту жұмыстарымен айналысуда
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат - Қардың мол жаууына байланысты Маңғыстау облысында барлық бағыттар бойынша күре жолдар жабылды.
Республикалық және облыстық маңыздағы автожолдарды тазарту жұмыстарымен 756 адам мен 107 техника айналысуда, деп хабарлады ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен.
Ведомство өкілдерінің сөзіне қарағанда, қардың мол түсуі тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына кедергі келтірген жоқ және олар қалыпты режімде жұмыс атқаруда.
Сондай-ақ кеше, 15 сағат 45 минутта бұрқасын мен көктайғақтың болуы салдарынан Алматы облысында «Алматы-Өскемен» автожолының 557-692 шақырым аралығындағы бөлігі жабылды. Айта кетейік, Алматы облысынан «Үшарал-Достық» бағытына шығатын тас жол қаңтардың 25-інен бері жабық. Ал қаңтардың 27-сінен бастап Шығыс Қазақстанда ауаның күрт суытына орай көліктің барлық түрлері үшін республикалық маңыздағы «Қарағанды-Аягөз-Ботаз» күре жолында қозғалыстар шектеулі.