Маңғыстау облысында «Балықшылар» саябағы ашылды
БАУТИН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, Баутин ауылына қарасты Аташ елді мекенінде «Балықшылар» демалыс орны пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүзеге асырылған.
Жалпы аумағы 2400 шаршы метр болатын саябақта кіреберіс арка, спорт алаңы, балалар ойын алаңы, автотұрақ пен шатырлы орындықтар бар. Демалыс орнының қақ ортасында биіктігі 3,80 метр болатын «Балықшылар» ескерткіші орнатылған. Мүсіннің авторы маңғыстаулық көлөнер шебері Болатбек Салаев. Ескерткіш демеушілердің қаражаты есебінен тұрғызылды.
Салтанатты жиында ауыл ақсақалы Қойлығұл Атшыбаев пен ардагер балықшы, Түпқараған ауданының құрметті азаматы Тәуірхан Қанжанов ескерткішті ашып, ауыл тұрғындарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.
«Қуанышымыз еселеніп тұр. Өйткені бұл ескерткіш біздің өткен тарихымызға елеулі еңбегі сіңген ардагерлерге деген құрметтің белгісі деп білемін. Еліміздің ұлық мерекесі қарсаңында бой көтерген ескерткіш пен демалыс орны ауылымыздың көркіне көрік қосып, ажарын аша түскендей», - деді Тәуірхан Қанжанов.

