Маңғыстау облысында бірінші жартыжылдықта мұнай өндіру көлемі төмендеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық мұнай өндіруші компаниялар 2017 жылғы бірінші жартыжылдықты түрлі көрсеткіштермен аяқтады, деп хабарлады tumba.kz.
Маңғыстау облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Халила Нұрғалиеваның айтуынша, мұнай өндіретін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 2017 жылғы бірінші жартыжылдықта мұнай өндіруді өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 0,2 пайызға ұлғайтты. Өндірілген мұнай көлемі 3 132 800 тонна.
«Сонымен қатар Түпқараған ауданындағы Солтүстік Бозашы мұнай кен орнын игеретін «Вuzachi Operating Ltd.» компаниясының филиалы 2017 жылғы бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша мұнай өндіруді өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,4 пайызға төмендетті. Өндірілген мұнай көлемі - 703 900 тонна», - деп хабарлады Халила Нұрғалиева.
Тұтастай, Маңғыстау облысында 2017 жылғы бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша 8 889 000 мұнай өндірілді. Бұл 2016 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 1,2 пайызға кем.