Маңғыстау облысында күнкөріс минимумы 20 мың теңгеден асты

АҚТАУ. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында күнкөріс минимумы 2013 жылдың ақпан айында 20 мың 814 теңгені құрады.

Маңғыстау облысында күнкөріс минимумы 20 мың теңгеден асты

Тұрғындардың жан басына шаққандағы осы көрсеткіш шамасы қаңтар айымен салыстырғанда 0,9%-ға өсті.

«Күнкөріс минимумы құрылымында шығындар үлесі ет және балық өнімдерін сатып алуға - 22,9%-ды, жеміс-көкөніс өнімдеріне және жеміс-жидекке - 10,4%-ды, сүт, май өнімдеріне және жұмыртқаға - 17,5%-ды, нан өнімдеріне және жарма бұйымдарына - 7,4%-ды, қант, шәй және дәмдеуіштерге - 1,8%-ды құрады», - Маңғыстау облысы статистика департаменті бағалар статистикасы басқармасының бас маманы Гүлжан Мұхтарова осы мәліметтерді хабарлады.

13 жасқа дейінгі балалар үшін күнкөріс минимумының шамасы 16 мың 262 теңгені құрайды, 14-17 жастағы жасөспірімдерге ер бала үшін - 26 мың теңгеден және қыз бала үшін - 20 мың теңгеден асады. Еңбекке жарамды 18 жастан жоғары ересек тұрғындар үшін күнкөріс минимумы жасөспірімдерге қарағанда аз соманы құрайды: ер кісілерге бұл 24 мың 571 теңге, әйел адамға - 19 мың 506 теңге. Зейнеткерлерге және қарт адамдарға күнкөріс минимумы 19 мың 385 теңгені құрап отыр.