Маңғыстау облысында қылмыстық істер көбейген
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қатысты аудандық және оған теңестірілген соттарда 35 тұлғаға қатысты іс аяқталған, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев мәлімдеді.
Брифинг барысында Маңғыстау облысы соттарының 9 айда атқарған сот төрелігі бойынша жұмыстары сарапқа салынды.
Спикерлер қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қараудағы сот төрелігін жүзеге асыру және заңдылықтың сақталу жағдайы, сонымен қатар, аталған істерді қарау кезінде туындайтын мәселелер мен, ең бастысы, сот жүйесіндегі реформалар туралы ақпараттармен таныстырды.
2019 жылдың 9 айында аудандық және оған теңестірілген соттарда 1657 тұлғаға қатысты 1455 қылмыстық іс аяқталып, 15 тұлға бойынша ақтау үкімі шығарылған (2018 жылдың 9 айында – 17 тұлға ақталса, оның ішінде 5 тұлға жеке айыптау істері бойынша ақталған). 15 тұлғаға қатысты ақтау үкімдері (Ақтау қалалық сотында - 6, Жаңаөзен қалалық сотында – 7, Мұнайлы аудандық сотында – 2) шығарылған.
Облыс соттарында медиаторлармен 192 (аяқталған істердің 11,5%) қылмыстық іс қаралып, сотталушылар жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық іс өндірістен қысқартылған.
2019 жылдың 9 айында Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік және облыстың аудандық соттарында барлығы 10 589 әкімшілік іс қаралған. Құқық бұзушы ретінде жауапкершілікке 200 заңды тұлға тартылған, қалғандары жеке тұлғалар.
Е.Қарабаев өңір бойынша фронт-офис, медиация кабинеттері, татуластыру орталықтары ашылғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол өңір соттарында медиация рәсімімен аяқталған істердің қатары өскенін жеткізді.