Маңғыстау облысында оқушылар саны бес жылда 38 мыңға артқан

АҚТАУ.ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында соңғы 5 жылда оқушылар саны 38 мыңға артқан. Бұл туралы Ақтауда өткен педагогтердің тамыз кеңесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысында оқушылар саны бес жылда 38 мыңға артқан

Өңірде оқушы саны артқан. 3 ауысымды оқуды жою мақсатында биыл облыста 2 мектеп пайдалануға берілмек.

«Жыл соңына дейін екі мектеп, жапсарластыра салынған екі ғимарат пайдалануға беріледі. Сонымен қатар осы жылы 11 жекеменшік мектеп ашылады», - деді конференцияда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.

Биыл өңірдегі 21 мектепке жөндеу жүргізіліп, жаңа мотификациялық кабинеттермен жабдықталған. Сондай-ақ бес мың орындық бес мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал 2023-2025 жылдары өңірде 27 мектеп бой көтереді. Оған қоса мемлекеттік «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы 9 білім ордасын тұрғызу жоспарланған.

Мәлім болғандай, қолдауды қажет ететін 35 мың оқушыға Жалпы міндетті білім қорынан 1 млрд 400 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында өңір кәсіпкерлері 15 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетті.