Маңғыстау облысында түйе жарысы өтті
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Шетпе ауылында түйе жарысы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Жарысқа 10 түйе қатысты. Желмаялар ашық далада 7 шақырымға жарысуы тиіс еді. Жануарлардың көпшілігі жолға шыдамай, жарыстан шығып қалды.
«Түйелерді жарысқа суыту үшін көп уақыт қажет, тіпті бірнеше айға созылуы мүмкін. Түйе - ат емес, оларды жаттықтыру қиын, бой бермейді. Түйелердің ең жоғары жылдамдығы сағатына 40 шақырым айналасында болады. Түйелердің жарысында көп нәрсе жануардың жылдамдығы мен төзіміне емес, көңіл күйіне байланысты», - дейді желмая мінгендер.
Турнирде Шебір ауылының тұрғыны Сұлтанғали Кенебаевтың түйесі озды. Желмаяның иесіне 200 мың теңгенің сыйақысы берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир келер жылы өтетін үлкен жарысқа дайындық кезеңі, оған Сауд Арабиясынан да «қонақтар» келеді. Бұл жайлы шетелдіктер жуырда Маңғыстау облысына келген кезде келісім жасалды.
