Маңғыстау облысында үлескерлер мәселесі толық шешіледі

АҚТАУ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Қазір Маңғыстау облысында 860 үлескердің қаражатын тарту арқылы 13 тұрғын үй нысанының құрылысы жүргізілуде. 2008 жылы Тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен мердігер компаниялардың біріне 210 млн. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, 93 үлескердің мәселесі шешімін тапты,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бүгінде үлескерлердің қатысы бар 5 нысанда құрылыс қарқынды жүріп жатыр, тағы 5 нысанды салушы компаниялар инвестор тарту жұмыстарын жалғастыруда. 9 ақпанда осыған дейін қиыншылық тудырып келген қалған 2 нысанның («Заветная мечта ? 1 және 2») құрылысын аяқтауға мүмкіндік беретін шешім қабылданды. Облыс әкімдігі үлескерлерге бұрынғы мердігерлердің қылмыстық қаржылай ауыртпалықтарынан құтылуға мүмкіндік беретін тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құруды ұсынды. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қатысушылары құрылысты аяқтау міндетін әкімдік ұсынған жаңа мердігерге тапсырады. Ол үшін болашақ пәтер иелері өз үлестерін 100 пайыз көлемінде өтеуі қажет. Құрылысты аяқтауға қажетті қаражат облыстық бюджеттен бөлінетін болады. Аталған нысандар құрылысын аяқтауға бағытталған мемлекет қаражаты қалған пәтерлерді сату арқылы қазынаға толығымен қайтарылады. Бұл ұсынысты облыс әкімі Қ.Көшербаев үлескерлік құрылыс мәселелеріне арналған мәжілісте жария етті. Атап айтқанда, облыс әкімі: «Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, біз дағдарыстың кері әсері салдарынан немесе жауапсыз мердігерлер кесірінен зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін қолдан келгенді жасаймыз», - деді. Мәжіліске қатысқан үлескерлердің өкілдері әкімдіктің ұсынысын қолдап, Елбасына ризашылықтарын білдірді.
Соңғы жаңалықтар