Маңғыстау облысында жаз басталғалы 6 адам суға кетті

АҚТАУ.ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы бойынша биылғы шомылу маусымы басталғалы бері 6 адам суға кетті. Оның үшеуі - жасөспірім. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Нұрлыбек Айжарықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: өңірлік коммуникация орталығы

Спикердің айтуынша жаз мезгілінде балалардың судағы қауіпсіздігі өте маңызды. Алайда ата-ананың қарауынсыз, дауылды күндері жасөспірімдер мен балалар рұқсат етілмеген жерлерде шомылғанының соңы қайғылы оқиғамен аяқталуда.

«17 маусымда Ақтау қаласында 2 күн бойы 1999 жылғы ер адамды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар, 18 маусымда 112 пультіне шомылуға тыйым салынған жерде бес жасөспірім суға батып бара жатқаны туралы ақпарат түсті. Олардың үшеуі өз күштерімен жағаға шыққан. Ал екеуін куәгерлер құтқарған. Алайда жасөспірімнің бірі жолда қайтыс болды. Ал екіншісі облыстық балалар ауруханасына жеткізілді»,- деді Нұрлыбек Айжарықов.

Брифинг барысында облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева Мұнайлы ауданында орын алған жағдайға байланысты қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында қатаң шаралар қолдануға мәжбүр екендігін айтады. Белгіленген тәртіпке қайшы іс-əрекетке жол берген мұғалімдер тиісті жазаға тартылады. Ал баланың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапсыздық танытқан ата-аналардың тәртібі жергілікті әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандардың құқын қорғау комиссияларында қаралып, жұмыс орындарына хат жолданады.

«Жылда білім беру ұйымдары мен ата-аналарды мектеп бітіру кезінде мерекелік кештер жасамауға, ивент-компаниялар мен аниматорлар жалдамауға, мұғалімдерге сыйлық жасамауға, дастархандар жаймауға, балаларды көлікпен көшеге, қала сыртына шығармауға, табиғатқа экскурсия жасамауға шақырдық. Арнайы бұйрық шығардық, ата-аналармен жиналыс өткіздік, қол қою арқылы ескертілді. Өйткені əдетте мұндай іс-əрекет салдарынан келеңсіз оқиғалар орын алады. Мәселен жоғарыда айтылған Мұнайлы ауданының 9-сынып бітірушілері ата-аналарымен келісе отырып, білім беру ұйымына ескертпестен тыйым салынған орынға барып, жиын ұйымдастырды. Демалыс соңында бір оқушыдан айырылып қалып отырмыз. Ата-аналар мен ұстаздар қатысуымен жиналыс өтеді. Сынып жетекшіге қатысты қатаң шешім қабылданады»,- деді Динара Жұмашева.


Брифинг соңында спикер ата-аналар мен оқушыларды тәртіпке бағынып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Сондай-ақ Динара Жұмашева аймақтағы компаниялар мен кәсіпорындардан балалардың жазғы лагерьге сапары жөнінде білім басқармасы мен бөлімдерін хабардар етуді сұрады.


Соңғы жаңалықтар