19:08, 21 Қыркүйек 2020 | GMT +5
Маңғыстау облысында жоғалған оқушы қыз 9 жылдан кейін табылды
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында тоғыз жыл бұрын жоғалып кеткен қыз Алматыдан табылды. Ол 2011 жылы үйінен мектепке емтихан тапсыруға шығып, сол күйі оралмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ол жоғалып кеткенде жасы 16 болған.
Хабар ошарсыз кеткен қыздарын ата-анасы көз жұмды деп ойлаған.
Арада 9 жыл өткенде оны Мұнайлы ауданы полициясының қызметкерлері іздеп тапты.
«Қанша уақыт өтсе де, іс жабылмайды. Жоғалғандарды іздеу жұмысы жалғаса береді. Кейде із-түзсіз кеткендерді 12, тіпті 15 жылдан кейін табатын кездер болады. Міне, бұл қыз да енді табылып отыр. Тексеріс барысында анықталғандай, ол мектеп емтиханын тапсыра алмағандықтан, үйіне баруға ұялған. Сөйтіп, мүлде басқа қалаға кетіп қалуға бел байлаған. Қазір ол ата-анасымен бірге үйінде», - деді департаменттен.