Маңғыстау облысында жыл басынан бері 11 адам суға кеткен

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында жыл басынан бері 11 адам суға кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингіде ҚР ТЖМ Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров мәлім етті.

«Биыл 11 адам суға кетті. Тіркелген 11 фактінің 4-уі тыйым салынған жерлерде болса, 6-уы суға шомылу үшін жабдықталмаған аймақта болған. Тағы 1 суға кету фактісі шомылуға рұқсат етілген «Самал» демалыс базасының аймағында болған. Сонымен қоса суға кеткен 1 бала және 19 ересек құтқарылды»,-деді Бекболат Әбдіқадыров.

Департамент мәліметінше, өткен жылы 9 адам суға кеткен. Оқыс оқиғалардың басым көпшілігіне азаматтардың судағы қауіпсіздік шараларын сақтамай, тыйым салынған жерлерде шомылуы себеп болып отыр.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.

Облыс бойынша биыл шомылу маусымында барлығы 654 рейд жүргізіліп, 154 мыңнан астам дана үгіт өнімі таратылды. Сонымен қатар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге Халықты жұмыспен қамту орталығынан 30 ерікті тартылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай Маңғыстауда 49 жастағы ер адам суға кетті.


Соңғы жаңалықтар