Маңғыстау облысындағы магистральді газ құбырында апатты-жөндеу жұмыстары аяқталды - ТЖМ
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлім еткендей, жөндеу жұмыстары қыркүйектің 28-і сағат 18.00-де аяқталды. Төтенше жағдайды жоюға «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның кешенді бригадасы жұмылдырылды (165 адам мен 69 техника).
Еске салайық, қыркүйектің 22-сінде түнгі сағат екі шамасында Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданына қарасты Сай-Өтес кентінен 1 шақырым жерде «Интергаз Орталық Азияның» магистральді газ құбыры екі жерден жарылып, оның арты өртке ұласты. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Апатты аумақта өрт сол күні таңертеңгі сағат 6-да облыс бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 22 адамы мен 6 техникасының күшімен ауыздықталды.
Апат салдарынан 110 кВ-тық жоғары қуатты электр тарату желісінің 200 метрі және 220 кВ-ты жоғары қуатты желінің 200 метрі зақымдалды. Сай-Өтес кентіне жарық қосалқы желі бойынша беріліп келді.