Маңғыстау облысының әкімі «Қаражанбасмұнай» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының жұмысшыларымен кездесті

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Ақтауда «Қаражанбасмұнай» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының жұмысшыларымен кездесті.

Маңғыстау  облысының әкімі  «Қаражанбасмұнай» АҚ   мен  оның еншілес  ұйымдарының  жұмысшыларымен  кездесті

Кездесуде компания мұнайшыларының проблемалары қаралды. Кездесуге облыс прокуроры Сабыржан Бекбосынов та қатысты.

Компания жұмысшыларының бұған дейінгі арыздарының бәрін әкімдіктің белгіленген ереже бойынша қарағаны атап көрсетілді. Және оларға жауаптар хаттардың авторы Наталья Соколованың атына жолданғаны да айтылды.

Дәлірек айтқанда, бітімгершілік комиссиясында жалақыны көтеру мәселесі бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізілмеді. Мұнан соң, кәсіподақ өкілдері арасындағы келіспеушіліктер себебінен, жұмыскерлердің талаптарын заңнамамен белгіленген мерзімде еңбек арбитражы арқылы қарастыру мүмкін болмай қалды. Өз кезегінде, прокуратура органдары жаңа еңбек арбитражын құру және еңбек арбитражының заңмен белгіленген мерзімі өтіп кетуіне байланысты еңбек дауын қарауы ҚР - ның заңнамасына қайшы келетіндігі туралы түсіндірмесін берді. Сонымен бірге, кәсіподақ төрағасы кәсіподақ басқарма отырысының еңбек арбитражының жұмысын тоқтату туралы 23.02.2011 ж. № 1 хаттамасын табыс етті.

Атап айтатын нәрсе, Кәсіподақ қызметіне қандайда-бір мемлекеттік органдардың араласуына жол берілмейді. Бұл ретте облыс әкімдігі қабылданатын шешімдерді бағалауда әділетсіздікті болдырмау мақсатында, жұмыскерлерге жоғарыда аталған дауды сот тәртібімен шешу жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс жасады.

Облыс әкімдігінің өтініші бойынша ағымдағы жылғы 13 мамырда Ақтау қаласында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б. Б. Нұрымбетов басшылық еткен ведомствоаралық топ жұмыс істеді. Оның өзі мен топ мүшелері ұжымдық өтініш жасаушылардың бастамашыларымен, оның ішінде Н.Г. Соколовамен де кездесті, Соколова өзі тарапынан қойылған талаптарының заңдылығын объективті және түсінікті түрде дәлелдей алмады.

Күні кеше ғана, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Н. Әбдіқалықова бұқаралық ақпарат құралдарына берген өзінің сұхбатында Қаражанбас кен орыны жұмысшыларының жалақыны көтеру жөніндегі қойған талаптарының негізсіздігі және олардың еңбек заңнамасына сәйкес келмейтіндігін мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, рұқсат етілмеген ереуіл мен аштық жариялау ағымдағы жылдың 17 мамырында заңсыз деп танылды. 24 мамырда Түпқараған аудандық сотымен ереуілді заңсыз ұйымдастырғаны үшін Н.Г. Соколова айыппұл түрінде, ал содан кейін екінші қайтара заңсыз әрекеті үшін - 8 тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жұмысшылармен болған диалог барысында облыс әкімі сондай-ақ, оларға «АрғымақТрансСервис» ЖШС-нің инженерлік-техникалық қызметкері марқұм Сәбит Кенжебаевтың қазасын өз мақсаттары үшін пайдалануы арға жат екенін және оған жол беруге болмайтынын еске салды. С.Кенжебаев бірде бір наразылық акцияларына қатыспаған. Оның өлімінің себебі - жүрек талмасы ауруы болған. Осы ретте кейбіреулердің, өздерінің пайдакүнемдік мүдделеріне қол жеткізу үшін, осы қайғылы фактіні пайдалануы арға жат және оған жол беруге болмайды, деді әкім.

Компания жұмыскерлері мен басшылығы арасындағы барлық өзара түсініспеушілік тек қана құқықтық алаңда шешілуі тиіс, деді әкім.