Маңғыстау облысының Ақжігіт ауылында тартылған жаңа су құбыры сынақтан өткізіліп жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Ақжігіт ауылында тартылған жаңа су құбыры сынақтан өткізіліп жатыр. Биыл бірінші жартыжылдықта елдімекен жолдарын асфальттаудың бірінші кезеңі аяқталады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
2022 жылғы 4 ақпанда «Хабар24» телеарнасында « Жол да, ауызсу да жоқ: Ақжігіт ауылының жағдайы « тақырыбында сюжет көрсетіліп, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылы халқының тұрғын үй-коммуналдық және тұрмыстық мәселелері көтерілді.
Жағдайға объективті қарау үшін ҚР ИИДМ елдімекеннің инженерлік-коммуналдық желілері құрылысының барысы туралы қосымша мәліметтер ұсынады.
3 мыңға жуық тұрғыны бар Ақжігіт ауылы Бейнеу ауданы орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан және екі бөлімшесі бар. Бірінші және екінші бөлімше арасын «Бейнеу – Тәжен - Өзбекстан шекарасы» республикалық автожолы бөліп тұр.
Ауыл ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы 14,9 шақырым. 2,3 шақырымдық асфальтбетон төселген жол ауылдың бірінші бөлімшесінде орналасқан.
Екінші бөлігінде 2,6 шақырым жолдың құрылысы өткен жылы басталды . Онда қазір асфальт төсеу жұмыстары қалды. Мердігер ұйым - «Промстроймонтаж-ХХІ» ЖШС жұмысты биыл І жарты жылдықтың соңына дейін аяқтауға уәде береді.
Ауылдың қалған 10 шақырым жолын алдағы уақытта асфальттау жоспарлануда. 2023 жылы тиісті техникалық құжаттама әзірленеді.
Ауызсумен қамтамасыз ету проблемаларына қатысты айтсақ, Ақжігіт ауылына су «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық құбырымен беріледі.
Ауылдағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 28,6 шақырым. Маңғыстау облыстық әкімдігінің деректері бойынша сумен жабдықтау қызметтерімен ауыл тұрғындарының басым бөлігі, яғни 2,1 мыңға жуық адам қамтылған . Әзірге 853 тұрғын сумен жабдықтау желісіне қосылмаған.
Ауылды ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін өткен жылы республикалық бюджеттен 183,4 млн теңге (ҚР ИИДМ арқылы), жергілікті бюджеттен 70,7 млн теңге бөлінді. Қосымша 11 шақырым су құбырын салу жұмыстары мерзімінде орындалды. Бүгінгі таңда оларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Олар аяқталғаннан кейін, шамамен наурыз айының соңына дейін ауыл халқы толығымен ауызсумен қамтамасыз етіледі .