Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында инфрақұрылым жаңғыртылуда (ФОТО)
«Соңғы екі жылда «Каспий» тұщыландыру зауыты Мұнайлы ауданына тәулігіне 7-8 мың текше метр су беріп отыр. Аудан халқы күннен-күнге көбейгендіктен, бұл көлем жетпейді. Сондықтан «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын орталық сумен қамтамсыз ету жобасы әзірленді. Атамекен, Маңыстау, Батыр ауылдарында жұмыс басталып кетті. Басқұдық пен Қызылтөбе ауылдары кезекте тұр. Елді мекендерге су тарататын қосымша су қоймасы мен сорғы салып, су алу сорғы стансасының қуатын арттыру жоспарланып отыр. Қазір бізде тұщыландыру зауытынан түсетін суды жинап, сақтау үшін 2 400 және 4 800 текшелік екі су қоймасы бар, сол жақтан су тасушылар ауылдарға су таратады», - деп хабарлады Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев.
Сондай-ақ, Н.Жолбаевтың айтуынша, газбен және сумен жабдықтаудың магистралды желілер құрылысы сатылай жүргізіліп келеді, электрожелілер салынуда, Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылындағы темір жол вокзалы мен оның автотұрақ аумағын көгалдандыру, кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Жолаушылар ағыны өсіп келеді, вокзал алдындағы аумақты кеңейту қажеттілігі туды. Өткен жылы вокзал алдындағы аумақты қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оған биыл жергілікті бюджеттен 71 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары басталып кетті.