Маңғыстау өңірінде 7 млрд теңгенің «Алтын учаскелері» мемлекетке қайтарылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде биыл мемлекетке құны 7 млрд теңгеден асатын жер учаскелері қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Маңғыстау өңірінде 7 млрд теңгенің «Алтын учаскелері» мемлекетке қайтарылды

Жалпы ауданы 81 мың гектарды құрайтын 94 жер учаскесі қайтарылған, оның ішінде «Алтын учаскелер» деп аталатын жерлер бар.

Мысалы, жағалау аймақтарында 2004 жылдан бері игерілмеген құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 255,5 гектар 6 жер телімі мемлекетке қайта өтті.

«Сондай-ақ прокурорлар жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарған. Атап айтқанда, құны 1 млрд теңге»OilRealEstate«ЖШС-ға тиесілі 225 гектар жер телімі мемлекетке берілді.

Жекелеген аудандарда шамамен 60-қа жуық ауылшаруашылық жерлер мал басы санының жайылымдардың жалпы алаңына шекті рұқсат етілген жүктеме нормаларына сәйкес келмеу себебінен толық көлемде пайдаланылмаған (20% - дан аз).

Жауапты тұлғалардың учаскелерді уақытылы түгендемеуінен өңірдегі жер ресурстарының ұтымсыз және тиімсіз пайдаланылуына әкелген.

Қадағалау актілерімен кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», - делінген прокуратура мәліметінде.