Маңғыстау прокурорлары мемлекеттік қаражат ұрланған 14 фактіні анықтады

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының прокурорлары 28 қылмыстық іс қозғап, мемлекеттік қаражат ұрланған 14 фактіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау прокурорлары мемлекеттік қаражат ұрланған 14 фактіні анықтады

«Атап айтқанда, Түпқараған ауданы электр желілерінің коммуналдық мекемесінде 30 млн теңгеге жуық ұрлық жасағаны үшін кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. «Өзенинвест» коммуналдық мекемесінде 600 млн теңгеге жуық ақша заңсыз берілгені, қылмыстық іс сотқа жіберілгені анықталды. Сонымен қатар, жер шаруашылығы жөніндегі комиссиямен бірлескен жұмыс нәтижесінде жалпы көлемі шамамен 300 мың гектар, кадастрлық құны 800 млн теңге болатын жер телімдері қайтарылды», - деді облыс прокуроры Руфат Құттықов.

Жалпы, өткен жылы облыс прокуратурасы 200-ден астам қадағалау актісін енгізді. Олар негізінен кәмелетке толмағандар (31), жер қатынастары (30), кәсіпкерлік (25), денсаулық сақтау (16) салаларындағы заңнаманың сақталуына қатысты.

Енгізілген актілерді қарау нәтижелері бойынша 216 мың азаматтың құқығы қорғалды, оның ішінде 156 605-і – кәмелетке толмағандар, 38 264-і – жер қатынастары бойынша, 16 259-ы – зейнетақы мәселелері бойынша. Мемлекет пайдасына шамамен 1 млрд теңге өндірілді: 526 млн – табиғатты қорғау, 126 млн – зейнетақы, 42 млн – салық бойынша.

Атқарушы органдардың 50-ге жуық заңсыз актілерінің күші жойылды. Заң бұзушылықтар бойынша 900-ге жуық адам жауапқа тартылды. Оның 242-сі сәулет және құрылыс саласында, 215-і – кәмелетке толмағандар және т.б.