Маңғыстау тұрғындарын тұщы сумен қамту үшін қандай жобалар жүзеге асырылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау тұрғындарын тұщы сумен қамту үшін қандай жобалар жүзеге асырылады

«Бүгінде министрлік әкімдікпен бірлесіп, бюджеттік бағдарламалар аясында Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұған қоса, жеке инвесторлар есебінен «Қаражанбас» кен орнында қуаты 17 мың текше метр болатын су тұщыту зауытының құрылысын аяқтау жоспарланған», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.

Оның атап өтуінше, аталған жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырымен қамтамасыз етіліп отырған Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау аудандары және Жаңаөзен қаласы тұрғындарының бір бөлігі ауыз сумен қосымша қамтылатын болады.