Маңғыстау тұрғындарының саны 2,8 пайызға өсті
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау обылсында халық саны былтырмен салыстырғанда 2,8 пайызға өсті. 1 маусымдағы статистикаға сәйкес қазір өңірде 775 805 адам тұрады. Бұл туралы өңірлік статистика департаментінің басшысы Римма Утюшева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маңғыстау облысындағы 775 805 тұрғынның 350 964-і қалада (45,2%), 424 841-і (54,8%) ауылда тұрады. Халық саны облыстың барлық аудандарында өскен.
«Мұнайлы ауданында тұрғындар саны едәуір өсті – 1,5% (166 284 адам), Ақтау қаласында – 1,3% (275 328 адам), Жаңаөзен қаласында – 1,1% (149 574 адам) және Түпқараған ауданы бойынша – 1% (39 443 адам). Халық санының шамалы өсімі Маңғыстау ауданында – 0,5% (35 501 адам), Бейнеу ауданында – 0,4% (72 791 адам), Қарақия ауданында – 0,4% (36 884 адам) байқалды», - деді Римма Утюшева қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте.
Сонымен қатар, биыл қаңтар-мамыр айларында Маңғыстау облысында 8 337 сәби дүниеге келген. Оның ішінде 4 346 ұл, 3 991 қыз бала.
Осы кезеңде облыста 1 296 адам қайтыс болды. Оның көбі Ақтау қаласында (503 адам) тіркелген.
Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары 1 980 некені тіркеді. Бұл былтырғы есептік кезеңмен салыстырғанда 2%-ға артық. Сонымен қатар, биылғы 5 айда ажырасу саны былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,6%-ға азайып, 156 болды. Ақтау қаласында 83 ажырасу жағдайы тіркелді.