Маңғыстау тұрғыны бөтелкелесін өлтіріп, мәйітін жағып жіберген
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда осыдан үш ай бұрын 43 жастағы азаматты соққыға жығып өлтірген күдікті ұсталды. Қылмысын жасырмақ болған сезікті мәйітті өртеп, оқиға орнынан бой тасалаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тергеушілердің айтуынша, қолға түскен сезікті он бес жылға темір торға тоғытылуы мүмкін.
Қылмыстық іс 2018 жылдың 8 ақпаны күні болған. Күдіктінің айтуы бойынша, дәмханадан ішімдік ішіп шыққан азаматтар үйге келген соң тойларын жалғастырған. Алкогольге сылқия тойған екі азамат, бір-бірімен сөзге келіп, арада ерегіс пайда болады. 31 жастағы күдікті, 43 жастағы азаматтың қақ маңдайынан балғамен ұрып құлатқан. Аяусыз соққының астында қалған жәбірленуші қимылдауға дәрмені жетпей сұлық жатады. Ашуға берілген 31 жастағы сезікті, қансырап жатқан азаматты бөлмедегі шифоньердің айнасы бар есігін жұлып алып, айна жақ бетімен тағы да бірнеше рет күштеп ұрған. Артынан қансырап жатқан азаматты үйімен бірге өртеп жіберіп, бой тасалаған.
«Өртеніп кеткен ер адамның мәйіті табылды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша оның зорлық-зомбылықпен өлтірілгені анықталды. Сол күннен бастап шұғыл іздестіру жұмыстары жүргізіліп, ертесіне аса ауыр қылмыс жасаған Жаңаөзен қаласының тұрғыны ұсталды», - дейді Жаңаөзен қалалық ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі Нұржан Шүренова.
Аға тергеушінің айтуынша, күдіктінің қылмыстық әрекеті сараланып, оған ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі 5-тармағымен (аса қатыгездікпен қасақана адам өлтіру) және ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлігі 1 және 5-тармақтарымен айып тағылды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
Иллюстрациялық фото