Маңғыстау және Қарағанды облыстарының шалғайдағы ауылдарының тұрғындарына тегін дәрігерлік көмек көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7-13 шілде аралығында Маңғыстау және Қарағанды облыстарының шалғайдағы ауылдарының тұрғындары әлеуметтік-маңызды аурулар бойынша тегін дәрігерлік көмек ала алады, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау және Қарағанды облыстарының шалғайдағы ауылдарының тұрғындарына тегін дәрігерлік көмек көрсетіледі

«Денсаулық жолы-2015» республикалық акциясы ауқымында 7-10 шілде күндері жылжымалы медициналық кешендер Маңғыстау облысының Мұнайлы және Бейнеу аудандарындағы шалғай ауылдарға шығады, онда тұрғындар тегін скринингтік қараудан өтеді және әлеуметтік-маңызды аурулар бойынша медициналық көмек алады.

13 шілдеде құрамында терапевтер, кардиологтар, хирургтер, педиатрлар, гинекологтар, офтальмологтар, стоматологтар және зертханалық-диагностикалық қызмет (УДЗ, ЭКГ, рентген) мамандары бар ұтқыр топтың Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына шығуы ұйымдастырылады. Алдын ала қаралу мен консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуді жүргізу үшін оған Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалалары емханаларынан дәрігерлер тартылады.

Ақтоғай ауданынан кейін 4 жылжымалы медициналық кешен Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарына жол тартады.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылғы 1 шілдеден 31 тамызға дейін бүкіл республика бойынша кең ауқымды «Денсаулық жолы-2015» акциясы өтеді, оның мақсаты - ауыл халқына салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік-маңызды аурулардың алдын алу мәселелерінде ақпараттық-білім беру және практикалық көмек көрсету болмақ.