Маңғыстауда 20 мыңнан аса оқушы жаңа оқу жылын бастады

АҚТАУ.ҚазАқпарат - Маңғыстауда 20 мыңнан астам білім алушы мектеп табалдырығын аттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда 20 мыңнан аса оқушы жаңа оқу жылын бастады

Алғашқы қоңырау соғылған білім ордалардың арасында Ақтау қаласында орналасқан №19 мектеп-гимназиясы бар. Биыл 3300-ге жуық оқушы қабылдаған мектеп мерекеге орай салтанатты шара өткізіп, балаларды құшақ жая қарсы алды.

«Өңірде 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мемлекет жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жан-жақты жағдай жасап жатыр. Елімізді сіздерге сеніп тапсырамыз, - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.

Сондай-ақ, №19 мектеп-гимназиясына биылғы оқу жылында 350 оқушы 1-сыныпқа аяқ басты. Мектеп директоры Мадина Абзиеваның айтуынша, 100-ге жуық түлек оқу ордасынан ұшып шығады.

«№19 мектеп-гимназияның ашылғанына аз уақыт болса да үздік 5 мектептің қатарына кіріп отыр. Балаға дұрыс тәрбие беру үшін білім ордамызда 300-ге жуық ұстаз қызмет етеді. Біздің мақсат-ел игілігі жолында еңбек ететін білімді азаматтарды тәрбиелеу. Оларды білім нәрімен сусындату. Сол үшінде талпынып, барымызды салып келеміз», - деді Мадина Абзиева.

Аталған мектептің 10- сынып оқушысы Гүлсім Базар жаңа оқу жылынан үлкен үміт күтетінін айтады.