Маңғыстауда 3 мың бөтелкеден астам заңсыз алкоголь анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданының қойма үй-жайларының бірінде есепке алу-бақылау таңбалары күмәнді 3 176 бөтелке алкоголь өнімін заңсыз сақтау фактісі анықталды. Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бойынша іс-шара Мемлекеттік кірістер және Экономикалық тергеу департаментінің бірлесуімен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Жеке тұлғаның тиісті рұқсат құжаттары болмаған. Алайда, облыста алкоголь өнімдерін сатумен айналысқаны белгілі болды. Анықталған алкоголь өнімі тәркіленіп, жауапты уәкілетті ұйымға сақтауға берілді. Қазіргі таңда жалған алкоголь өнімдерін жеткізушілер мен нақты меншік иелері, сондай-ақ өндіріс және сату орындары белгіленіп жатыр» - делінген ақпараттық мәлімдемеде.

Мамандардың айтуынша, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы мемлекетке және заңға бағынатын бизнес субъектілеріне айтарлықтай зиян келтіреді. Сондай-ақ, тұтынушы денсаулығына да залал тигізуі ықтимал.

Айта кетсек, Түркістан мен Шымкентте алкоголь өндіретін жасырын цехтар анықталған болатын.


Соңғы жаңалықтар