Маңғыстауда 70 мыңға жуық тұрғын жоғарылатылған жәрдемақы алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірде 168 мың адам әлеуметтік төлем алады. Оның ішінде 70 мыңға жуығына 1 қаңтардан бастап жоғарылатылған жәрдемақы беріледі, - деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Маңғыстауда 70 мыңға жуық тұрғын жоғарылатылған жәрдемақы алады

Атап айтсақ, асыраушысынан айырылуына байланысты 5364 адамға, 10335 көпбалалы анаға, 21600 арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатын тұрғынға, мүгедектігі бойынша 20193 адамға жоғарылатылған жәрдемақы беріледі.

2-топ мүгедегі Юсуп Баматгереев те осы санатта. Ол 5 жылдан бері жәрдемақы алып келеді. 62 жастағы қария келесі жылы зейнеткерлікке шығады.

«Бұрын 43 мың алатын едім, енді қаңтардан бастап 45 мың теңге. Көп болмаса да көмек қой»,-дейді ол.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің МО департаменті басшысының орынбасары Айжамал Қалмағанбетованың айтуынша, тағы да өңір бойынша бала күтіміне байланысты демалыстағы 5059 әйелге ай сайынғы жәрдемақы, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 5000-дай адамға өсірілген жәрдемақы берілген.