Маңғыстауда 750 азамат әскерге шақырылады

None
АҚТАУ.ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында көктемгі әскерге шақырту науқаны 1 наурызда басталды. Биыл 750 азамат әскерге аттанбақ. Бұл туралы Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Нығмет Ахмет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әскерге шақырылушы азаматтарға 2022 жылдан бастап 1414 сервис-қызметтері арқылы SMS-хабарламалар жіберілген. Шақырту 18 бен 27 жас аралығындағы жеті жүз елуден астам адамға жіберілген.

Алайда қазіргі таңда әскерге азамат еркінен тыс жіберілмейді. Бірақ себепсіз мерзімді әскери қызметке шақыртудан жалтарғаны үшін заңнамамен қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Әскерге шақырылушы азаматқа себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш немесе 17 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Ал медициналық куәландырудан немесе тексеруден өтуден жалтарғаны үшін әкімшілік ескерту немесе 3 АЕК яғни 10 350 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді», - деді Нығмет Ахмет.

Сондай-ақ, спикердің айтуынша әскери қызметтің беделі жыл сайын артып келеді. Бұл мерзімді әскери қызметке шақыру және жоғары әскери оқу орындарында оқуға кандидаттарды іріктеу кезінде байқалады. Әскери қызметшілер тегін медициналық қызметтерді пайдалана алады және санаторияларда емделіп, мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілуге, төмен пайыздық мөлшерлемелермен ипотекаға қол жеткізуге құқығы бар. Бұл саланың қызметкерлеріне тұрғын үйді жалдау үшін ай сайын өтемақы төлемдері беріліп, ерте зейнетке шығуға мүмкіндік беріледі.


Соңғы жаңалықтар
telegram