Маңғыстауда алдағы үш жылда 19 мектеп салынады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында 6 мектепте балалар әлі күнге дейін үш ауысыммен оқиды. Мұндай ахуал Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған аудандары мен Ақтау қаласындағы білім мекемелерінде қалыптасып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде аймақта 2500-ден аса бастауыш сынып оқушысы үш ауысыммен оқиды. Мұнайлы ауданының Атамекен, Батыр, Басқұдық ауылдарында, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында және Қарақия ауданының Жетібай ауылында осындай жағдай тіркелген.

Билік өкілдері мұны халық санының артуымен байланысты екенін айтады. Сондықтан жаңа нысандардың құрылысы қарқынды.

«Ағымдағы жылы жалпы сыйымдылығы 3100 орын болатын 5 нысанның құрылысы жүруде. Оның ішінде Атамекен және Басқұдық ауылдарындағы қолданыстағы мектептерге әрқайсысы 320 орындық қосымша ғимараттар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 3 жаңа мектеп (Ақтау - 900 орындық, Батыр - 960 орындық, Ақшұқыр - 600 орындық) келесі оқу жылында тапсырылады», - деді облыс әкімі Серікбай Трұмов.

Қазіргі таңда іске асырылып жатқан жобалармен қатар алдағы үш жылда 19 мектеп (Ақтау –8, оның ішінде 2 мектеп МЖӘ арқылы, Жаңаөзен – 1, Бейнеу – 3, Мұнайлы – 5, Түпқараған – 1, Қарақия – 1) салу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар