Маңғыстауда алғаш рет балық өндірісі мамандығы ашылды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысындағы «Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік» колледжінде алғаш рет балық өндірісі мамандығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2016 жылы жұмысын бастаған колледж 263 студентке 8 мамандық, 12 біліктілік бойынша білім береді.
«Түпқараған ауданы мен ауыл тұрғындарының өтініші бойынша және жергілікті халықты жұмыспен қамту мақсатында балық өндірісі мамандығын аштық. Балық өндірісінде көбінесе шетел азаматтары жұмыс істегендіктен тапшы мамандықты өңір жастарына үйретіп, болашақта мықты маман болып шығуына жағдай жасағымыз келеді. Бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан жаңашыл мамандарды даярлау барысында кәсіби бағыттылығына баса назар аудауымыз қажет», - деді «Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік» колледжінің директоры Айнұр Сұлтанғали.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында «Балық және теңіз өнімдерін өңдеуші», «Техник-технолог» біліктілігі бойынша 20 студент мемлекеттік тапсырыспен тегін түрде білім алып, шәкіртақымен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Балық өндірісі мамандығы бойынша білім алатындар үшін оқу кабинеті мен шеберхана жасақталған. Студенттер жаңа мамандықтың арнайы кітаптарымен де қамтамасыз етілген.
«Білім алушылар кәсіптік тәжірибеден Түпқараған ауданы Аташ елді мекенінде, «Аташ Фиш Пром» ЖШС мекемесінде өтетін болады. Сонымен қатар, мекеме ұсынысы бойынша мақсатты мемлекеттік тапсырысқа 4 орын ұсынып отыр», - деді Айнұр Сұлтанғали.
Айта кетейік, балық өндірісі мамандығына құжаттарды қабылдау 26 маусымда басталып, 18 тамыз күні аяқталады.