Маңғыстауда алғыс айту күнінде бірнеше шара өтті

Алғыс айту мерекесін Маңғыстаулықтар жаппай жүгіру марафонынан бастады. Таңертең 400-ге жуық қала тұрғыны мен мемлекеттік қызметкерлер, түрлі этномәдени бірлестік өкілдері теңіз жағалауына жиналып, 5 шақырым жүгіріп өтті. Тұрғындардың арасында мектеп оқушыларынан бастап, зейнеткерлерге дейін бар. Шарадан соң барлығы бір-біріне алғыстарын білдірді.

Маңғыстауда алғыс айту күнінде бірнеше шара өтті

Алғыс айту күнінің мәні мен түп-төркінін ұмытпаған облыстағы әзербайжан этномәдени бірлестігінің өкілдері 50-ге жуық мүгедектерді жинап, дастархан жайды.

«Барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді», - деп Елбасымыз айтқандай, диаспора өкілдері қоғамнан жылылық күтетін көңілі пәс, жүрегі жылы жандарды мерекемен құттықтап, сыйлап, осы ісі арқылы барша қазақ халқына алғысын білдіргісі келген.

«Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүруде. Достық үшін алғыс айтамын! Біз көмекке зәру жандар мен мүгедектерге өз жанашырлығымызды осылай білдіргіміз келді. Олар қиындыққа мойымай, шыдап, отбасының берекесі болып жүр. Барлық қазақстандықтарды, ақтаулықтарды мерекемен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын»,- дейді «Достлуг» әзербайжан этномәдени бірлестігінің өкілі Рафига Насибова.

Мереке аясында «Жомарт жүрек» акциясы басталды. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың ұсынысымен басталған шараның мақсаты - халықтың әлеуметтік осал топтары: аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету. Шара аясында 1 ай бойы «Жомарт-Жүрек» экспозициясымен арнайы автокөлік облыстың екі қаласы мен барлық ауданын аралайды. Көмекке мұқтаж жандар өздерінің сұранысын жазып, жәшікке сала алады.

Акция барысында қарттар үйіндегі қариялар мен жетімдер үйіндегі балғындарға сыйлықтар таратылды.

«Мен баршаңызды Алғыс айту мерекесімен құттықтап, алдымен денсаулық тілегім келеді. Сондай-ақ, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа еліміздегі бейбітшілік, тыныштық, бірлік пен береке үшін шын жүректен алғыс айтамын! Қарттарын ұмытпай, үнемі қамқорлық танытатын облыс басшылығына, мәдени және ұлттық орталық өкілдеріне ризашылығымды білдіремін!», - деді Надежда Аустрина.

«Жомарт жүрек» қайырымдылық акциясы аясында «Мың алғыс» мерекелік концерті өтті. Кештен жиналған қаражат қамқорлыққа мұқтаж 3 отбасыға табысталды. Түрлі ұлт өкілдері өз халқының әндерін айтып,  мың бұрала би биледі.

«Бұл дүниеде ұмытылмайтын дүниелер болады, ол біреуден алған алғысың. Осыдан басқаның барлығы ойдан өшіріледі. Біз қазақ елі тек алғыс алған елміз. Осы алғыстың арқасында жақсылығымызға жетіп жатқан елміз. Қайырымдылық концертіне келгендеріңіз үшін аймақ басшысының атынан алғыс айтамын»,-дейді Маңғыстау облысы əкімінің орынбасары Мақсат Сқақов.

Шарада жомарт жандар отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен мамандандырылған балалар үйіне тұрмысқа қажетті техникаларды сыйлады. Мұндай сыйлық облыстық туберкулезге қарсы диспансерге де табысталды. Қиын-қыстау заманда өзге ұлттардың өзегінен теппей, бауырына басқан қазақ халқына алғысын білдіргендер Маңғыстау аспанын шаттық мерекеге бөледі.

VII–IX ғасырларға жататын түркі руникалық ескерткіштердің толық каталогы жарық көрді
Ұқсас жаңалықтар

VII–IX ғасырларға жататын түркі руникалық ескерткіштердің толық каталогы жарық көрді