Маңғыстауда Амал мерекесіне орай Отпан тауда қырықтан аса киіз үй тігілді

АҚТАУ.ҚазАқпарат - Маңғыстаудың Отпан тау баурайындағы «Қарашаңырақ» кешенінде Амал мейрамы кең ауқымда атап өтілді. Бірқатар мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда Амал мерекесіне орай Отпан тауда қырықтан аса киіз үй тігілді
Фото: Маңғыстау облысы ӨКО

Амал мейрамы аясында Отпан тау баурайына 42 ақшаңқан киіз үй тігілді. Биылғы шараны лайықты ұйымдастыру үшін жауапкершілікті Тобыш ата ұрпақтары алған болатын.

«Бұл мейрам бізге ата-бабамыздан мұра болып жеткен. Әсіресе кіші жүз қазақтары үшін 14 наурыз - Амал мерекесі, жергілікті халық арасында Көрісу күні ерекше атап өтіледі. Өзімізге тапсырылған міндетті абыроймен, жақсы атқарудамыз деген сенімдемін», - деді ұйымдастырушылардың бірі Қалнияз Оңдабай.


Сондай-ақ мейрам аясында қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, көрермен көзайымына айналды. Думанды мереке «Астана сазы» фольклорлық ансамблінің концертімен жалғасты.

Жалпы, шараға 10 мыңға жуық адам қатысты. Бұдан бөлек эстрада әншісі Жеңіс Ысқақова, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, Қарақалпақстан елінің әншісі Жеңісбек Пиязов арнайы келіп, сахнада өз өнерлерін паш етті.