Маңғыстауда «Амал» мейрамы тойланып жатыр

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат. 13-14 наурыз аралығында Маңғыстау облысы «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің аумағында Амал мейрамын мерекелеуге арналған іс-шаралар ұйымдастырылды,

Маңғыстауда «Амал» мейрамы тойланып жатыр

деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Маңғыстау тұрғындары ежелден Наурыз айының басталуын ерекше атап өтіп, оны «Амал-мейрамы» ретінде мерекелеуді дәстүрге айналдырған. «Амал-мейрамының» дәстүрлі нышаны «көрісу» болып есептеледі, яғни кішілер үлкендерге ізет танытып, қол алысқан, жаңа жыл жағымды жаңалықтармен айшықталсын деген ниетпен ақсақалдардан бата алған.

Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 13 наурыз күні Қаратаудың ең биік шыңы саналатын Отпан тауда 6 ақшаңқан киіз үй тігіліп, дәстүрлі салт бойынша «тағзым оты» жағылды.

14 наурыз күні Отпан тау шыңында Әнұран шырқалып, Қазақстан Республикасының көк байрағы көтерілді, «Амал мейрамы» салтанатты түрде тойлана бастады.

Мерекелік шара барысында барлық қатысушылар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында ағаш отырғызу ісіне атсалысып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты.

Мерекелік жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, халық жазушысы Әбіш Келкілбаев қатысты, делінген ақпаратта.