Маңғыстауда азық-түлік бағасын реттеу жұмыстары нашар жүргізілуде - Үкімет

АСТАНА. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында азық-түлік бағасын реттеуге көзделген 2 млрд теңге игерілмеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда азық-түлік бағасын реттеу жұмыстары нашар жүргізілуде - Үкімет

«Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу жөніндегі іс-шараларды талдау барысында бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға көзделген 3,6 млрд теңгенің 2 млрд теңгені жұмсамағаны анықталды. «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы көкөністерді жеткізуге жасаған 5 қолданыстағы шарттың тек біреуі ғана өндірушімен, қалған 4 шарт көтерме саудагерлермен жасалған», - деді Серік Жұманғарин.

Оның дерегінше, өңірлік комиссиялардың отырыстарында аймақта жұмыс істеп тұрған 60-қа жуық көтерме саудагердің ішінен тек 4 көтерме саудагермен жұмыс жүргізілген.

«Өнімсіз делдалдарды анықтау және жою бойынша жұмыс нәтиже көрсеткен жоқ. Жалпы, осы өңірдегі жаңа тәсілдер аясындағы жұмысты қанағаттанарлықсыз деп санаймыз», - деді ол.