Маңғыстауда биыл 21 мың бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын аттамақ

АҚТАУ.ҚазАқпарат - Маңғыстауда келесі 2023-24 оқу жылында 21 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланып отыр. 1-сыныпқа баратын балалардың құжаттары 1 сәуірден бастап 1 тамызға дейін қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оқушыны 1-сыныпқа қабылдауға өтінішті халыққа қызмет көрсету орталығында немесе мектептердегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарына барып беруге болады.

«2022-23 оқу жылында 20 108 бала 1-сыныпқа қабылданды. Былтыр ата-аналардың 80 пайызы онлайн-өтініш берген болатын. Биыл да egov.kz порталында тиісті құжаттарды жолдау қызметі жұмыс істеп тұр. Ол үшін білім беру ұйымын алдын-ала айқындап, тізімге сәйкес талап етілген құжаттарды тіркеу керек. Атап айтқанда, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 026/у-3 нысанындағы денсаулық паспорты, денсаулық жағдайы туралы 063/у құжаты және екі дана 3х4 фотосурет қажет», - деп атап өтті Маңғыстау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева.

Ал гимназия мен лицейге қабылдану үшін оқушылар арнайы емтиханнан өтеді.

«1-сынып оқушылары лицей мен гимназияға қабылдану үшін 15 маусымға дейін арнайы емтихан тапсырады. Тестілеу күні мен нысандарын және тапсырмаларын гимназия, лицей мекемелері өздері анықтап, белгілейді. Балалар тиісті емтиханды тапсырғаннан кейін 16 маусымнан бастап 1 тамызға дейін білім беру ұйымдарына өтініштерін жолдай алады, - деді Клара Құлатаева.


Соңғы жаңалықтар