Маңғыстауда биыл 9 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов биыл 6300 орындық 9 жаңа мектеп пайдалануға берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстауда биыл 9 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

«Ағымдағы жылы 6300 орындық 9 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 920 орындық 10 балабақша ашылса, жыл соңына дейін тағы 23 бөбекжай іске қосылады. Осылайша жыл аяғына дейін балабақшамен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу күн тәртібінде тұр», - деді өңір басшысы.

Денсаулық саласындағы келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында медицина мекемелері желісін кеңейту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. 23 медициналық ұйымға адам денсаулығындағы акауларды ерте мерзімде анықтауды қамтамасыз ететін құны 1 млрд теңгелік 16 заманауи УЗИ аппараты сатып алынады. Облыс орталығындағы Ана мен бала өңірлік Орталығының құрылысы аяқталады.

Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында экономиканың барлық саласында цифрлық технологияларды ауқымды түрде енгізуді атап көрсетті. «Қазақтелеком» компаниясының қолдауымен облыстың көптеген елді мекендері интернет желісімен толықтай қамтылып, оның жылдамдығы арттырылды. Білім беру ұйымдарында «Egov.kz» порталы арқылы «Балабақшаға кезекке қою», «Оқушыларды мектепке қабылдау», «Электронды журнал», «Электрондық колледж» автоматтандырылған жүйесі толық енгізілген. Мектептер толығымен mektep.edu.kz ақпараттық жүйесіне қосылған. Ақпараттық жүйенің педагогтарға және ата-аналарға арналған мобильдік қосымшалары жұмыс жасайды.

Цифрландыру саласын жүйелі қолға алудың нәтижесінде еңбек өнімділігі 30%-ға артып, қызмет көрсету уақыты 5 сағаттан 15 минутқа дейін қысқарды. Облыстағы 90 денсаулық сақтау нысаны кең жолақты интернетке қосылды. «Damumed» кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізілді. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 50%-ға артып, халықтың 91%-ның электронды денсаулық паспорты жасалды. Ағымдағы жылдың қаңтар айында облыста Электронды еңбек биржасы құрылды. Жыл басынан бері Еңбек биржасына 4 мыңнан астам азамат тіркелді.

«Жасыл экономика» элементтерін енгізу бойынша облыста бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл орайда, жеке инвестор қаржысына Мұнайлы ауданының Батыр ауылында қуаты 2 МВт күн электр станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенін атап өту қажет. Осы инвестордың қатысуымен Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында қуаты 5 МВт жел электр станциясы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Түпқараған ауданында инвестициялық құны 60 млн АҚШ долларын құрайтын қуаты 42 МВт тағы бір жел электр станциясы салынатын болды. Жобада әрқайсысы 2,5 МВт болатын 17 жел генераторын қондыру қарастырылған. Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталады.